Жамбылда қос ауданды жалғайтын алып көпірдің құрылысы бүтін бір көше жұртының машақатына айналды. 23 баспананың иесі қазір қақпадан шығып, жүріп-тұруы қиындаған. Қос көліктің қатынауы былай тұрсын, сырқаттанып қалсақ, жедел жәрдем жете алмай қалады деп жұрт ашынып отыр. Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда әкімдік үй мен өткелдің арасы 9 метр болады деп уәде еткен. Алайда кейін 5 жарым метрге дейін қысқартып жіберіпті. Енді оған жаяу жүргіншілер жолы қосылса, ары-бері қатынау қиын әрі қауіпті болады дейді қараша. Құрылыс басталып, қақпанға түскендей күй кештік деген жұрт енді баспаналарын биліктен сатып алуды талап етіп отыр.
КҮЛӘНДА ДҮЙСЕНБИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Енді біз білмейміз, бармаған жеріміз қалмады. Шешілмей тұр ғой мәселе. Балаларды, кішкентай балаларды екпінмен тартып, көліктің астына түсіп кету қаупі де бар ғой. Неге осыны ойламайды? Бәрін ойлауға болады ғой. Қазірдің өзінде үйлеріміз тозып жатыр. Жайлап-жайлап барлығында сызаттар.
Әкімдіктің мәліметінше, миллиардтаған теңгені құрайтын көпір құрылысы заң талаптарына сай жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша өткел маңындағы 60 үй сатып алынып, сүріліпті. Қалған 23 баспана құрылысқа кедергі келтірмегендіктен, сол күйінде қалдырған екен. Арнайы сараптама нәтижесі де үйлерді қауіпсіз деп көрсетіпті.
ҚАРЛЫҒАШ АРАЛБЕКОВА, ЖІБЕК ЖОЛЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Күнделікті өмір сүруіне ыңғайсыз болғандықтан, әрине, оны да түсінеміз. Бірақ, өкінішке орай, бүгінгі таңда жағдай солай. Заң аясында бізде ол үйлерді сатып алуға ешқандай тетік жоқ. Құқығымыз жоқ.