Перейти к содержимому
СРОЧНО
· 16 просмотров

Әскери саладағы әдемі жұп

Қыркүйек айының екінші жексенбісі — Отбасы күні. Ғибратты ғұмыр кешіп, өнегелі өмірімен көпке үлгі болған жарасымды жұп көп. Солардың бірі — әскери салада жүріп танысқан кейіпкерлеріміз.

Әскери орта десе, көз алдымызға темірдей тәртіп пен сап түзеген жауынгерлер елестейтіні хақ. Дегенмен кейде қатаң қағидалардың арасында жүректерді жақындастыратын нәзік сезім, үлкен махаббат баяны өріліп жатады. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкерлері – нағыз әскери тәртіп пен адал сезімді қатар ұштастыра білген Жақсылық пен Амангүл есімді жандар. Әскери оқу орнында дәріс беріп жүрген бұл ұлағатты ұстаздардың жолы студенттік шақтағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы институттан басталған.

Оқуды аяқтаған соң, отағасы әскери қызметін жалғастыру үшін Аягөз гарнизонына аттанады. Араға екі жыл салып, артынан Амангүл ханым да сонда барып, бір ұжымда еңбек етеді. Жұмыстастар арасындағы жылылық махаббатқа ұласыпты.

АМАНГҮЛ АЛДАБЕРГЕНОВА, ПОЛКОВНИК, ҰЛТТЫҚ ҚОРҒАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Біз қыз бен жігіт болып сөйлесіп жүріп, 2 жылдан кейін шаңырақ көтереміз Аягөз гарнизонында. Кейін көптеген гарнизондарды өтеміз. Отар, Аягөз, Семей бірге. Кейін осы қол ұстасып келіп, осы Ұлттық қорғаныс университетінде магистратураны қорғадық, кейін докторантураны бітірдік.

22 жыл қызығы мен қуанышын бірге бөліскен жанұяның тәрбиелеп отырған перзенті бар. Отанасының айтуынша, қиын кезеңдерді еңсеруге ер азаматының берген сенімі үлкен рөл ойнайды екен.

АМАНГҮЛ АЛДАБЕРГЕНОВА, ПОЛКОВНИК, ҰЛТТЫҚ ҚОРҒАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Өмірімізде мен айтпаймын, барлық уақытта жақсы болды деп. Қиыншылықтар да болды. Бірақ сол көптеген қиыншылықтарды біз бірге жеңіп келе жатырмыз әлі күнге дейін. Жолдасым мені барлық салада, барлық бағытта қолдап, әрдайым көтермелеп отырады.

Бұл үйде мен, сен деген сөз жоқ. Біз деп бастайды бәрін. Қызметтен бөлек, үй ішіне де уақыт табады.

ЖАҚСЫЛЫҚ КЕМАЛ, ПОЛКОВНИК, ҚР ҰЛТТЫҚ ҚОРҒАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ ТЫЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ КАФЕДРАСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ:

Біз мемлекеттік қызметкер болсақ та, әскери салада сабақ берсек те, демалыс уақытында қызымыз үшін уақыт тауып, үстел теннисін ойнауға келеміз. Бұл үйдегі үрдіске айналды. Жұбайым теннистен университет арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы. Содан болар, қызымыз да үстел теннисін жақсы көреді. Күйбең тіршілікте отбасы үшін уақыт табу маңызды.

Жұрт сүйсініп қарайтын отбасының мақтауы әсте кем емес. Оны дәл осы орталықта қос полковниктің қызын жаттықтырып жүрген Агиза ханым да растайды. Айтуынша, баласын қолдауға келетін отбасыны некен-саяқ көресің дейді. Ал бұл жұп баласы сынға түссе, тақым тартып қолдау көрсету үшін қасынан табылатын көрінеді.

АГИЗА ШАЛАБАЕВА, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

Әрбір жарыс сайын анасы мен әкесі келіп, қолдап, балаға жанкүйер болады. Бұл өте маңызды. Олар көптеген адамдарға үлкен үлгі бола алады деп ойлаймын.

Иә, отбасының берік іргесі, шаңырақтың шайқалмай биік болуы әрқашан жұптардың бір-біріне деген сыйластығына құрылса керек.

← Все новости