Перейти к содержимому
· 10 просмотров

Қара суға зар болып отыр…

Елдің солтүстігінде өркениеттен ада қалған ауыл бар. Қараша қара суды шөлі қанып іше алмай, азап тартып жүр. Петропавлдан жүз шақырым жердегі елді мекенде шөліркеген 260 шаңырақ төрт жылдан бері салынбаған су құбырын күтіп, тағаты таусылған. Тіршілік нәрін сатып алып, онысын тіпті қайнатып тұтынуға тура келеді.

260 үйі бар Покровка ауылы бүгінде тіршілік нәріне зәру. Жергілікті жұрттың ауыз суға жарымай жүргеніне біраз жылдың жүзі болыпты. Мәселені шешеміз деп 2022 жылы басталған құрылыс арада төрт жыл өтсе де әлі аяқталмаған. Салдарынан тұрғындар арбамен ауыз суды тасып, ақысын төлеп ішуге мәжбүр. Солтүстіктің демографиясын түзетеміз деген ізгі ниетпен оңтүстіктен үміт артып келген ағайын қазір бұл қадамына өкініп отыр. Себебі олар иен далада жолдың жоқтығы мен судың таршылығы осыншама азапқа салады деп мүлде ойламапты.

САБИРА ТҮЙМЕНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мына көріп тұрсыз суды осы жерден аламыз. Еще наличкамен аламыз. QR жоқ. Наличка алып келуіміз керек. 40 литр флякты алып келеміз. Содан 40 теңге беріп кетеміз. Мына жерден шланг шығарып, осы жерден су құйып береді. Өкінемін көшіп келгеніме. Көшіп келгеніме өкінемін, бұндай жерлер болады деп ойламағанмын ғой.

Жұрт сатып алған суын шөлі қанып іше алмайды. Өйткені 20 жыл бұрын қазылған құдықтың өзі аптасына 2 күн істемейді. Сондықтан үнемдеп қолдануға тура келеді. Ал тіршілік нәрі сатылған сәтте бұқара ұзын-сонар кезекке тұрып, сарсаңға түсетінін айтып ашынады. Оның үстіне, суды міндетті түрде қайнатып тұтынбаса, адам ағзасында тұз жиналады дейді ауыл ақсақалдары.

ӘБДІҚАҺАР АЙТБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Үйімізде су болса, ең жақсысы сол болар еді, айналайын. Көшемізде ол су жоқ. Тасып ішеміз. Күніне 2-3 рет барамыз барсақ. Оның өзі 2-3 күнімізге жетпей қалады. Сапасы қайнағаннан кейін өте ыстық болғанда ішіп аламыз, суыған соң ауызымызға ала алмаймыз.

Ал аудан әкімдігі құрылысы жыр болған құбыр мәселесінің биыл да шешілмейтінін мәлімдеді. Себебі жұмысты жарты жолдан тастап кеткен мердігер мен жауапты басқарма әлі соттасып жатыр екен.

ТЕМІРЛАН МАМАШАРИПОВ, МАМЛЮТ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мердігердің үстінен 25 миллион теңге айыппұл өндіру үшін сотқа жүгіндік, ол біздің пайдамызға шешім шығарды. Бірақ биыл құрылысқа жауапты болған компания бұл шешіммен келіспей, апелляциялық сотқа шағымданды. Нәтижесінде жасалған жұмыстың сапасын тексеру үшін қосымша сараптама тағайындады, тексеріс барысында асфальтты немесе топырақты ашып қарау да қарастырылған. Сот істері толық аяқталған соң, келесі жылы бұл мәселені жаңа жоба арқылы қайта қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Жауаптылар айтысып, тартысып бір жағына шыққанша Покровкадан ел көшіп, қаңырап қалмаса болғаны. Амалы таусылған тұрғындар мал азығы мен отын ғана емес, алдағы қысқа су таситын арба-шанасын да сайлап жатқан көрінеді.

← Все новости